Skip to main content
x

Арыстық балалар Көкше жерінде демалуда

2019 жылдың 24 шілдесі күні Арыстық 15 оқушы Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласына демалуға келді. Ата-аналары шығарып салған Оңтүстік облысының балаларын Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ұжымы жылы қарсы алды. 
Демалуға келген оқушылар университеттің «Тұлпар» студенттік сауықтыру лагерінде бір ай көлемінде дем алатын болып жоспарланып отыр. 
Арыстық оқушыларды Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Марат Сырлыбаев арнайы қарсы алып, балалармен кездесті. 
Кездесу барысында білім ордасының басшысы Марат Кәдірұлы әр баламен жеке-жеке танысып, орналасқан жерлерін аралады. Арыс қаласынан келген балалардың ішінде, айтар болсақ Садықовтар отбасынан екі ұл, екі қыз, Айтбай отбасынан екі ұл, бір қыз және Серік жанұясынан бір ұл, бір қыз сияқты бір шаңырақтан келгендер де бар. Университет ұжымы оқушыларға қажетті барлық жағдайларды жасап отыр. 
Дем алуға келген Арыс балаларына Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ұжымы арнайы қаражат бөліп, ерекше қайырымдылық көмек көрсетуде. Сауықтыру лагеріндегі балалар жақсы бөлмелерге орналастырылып, оларға бес мезгіл тамақ беріледі. Сондай-ақ, олардың барып-қайту жолақылары, жататын жерлері мен тамақтандыру мәселелері білім ордасы ұжымы тарапынан болмақ. Сонымен қатар оқушыларға университеттен арнайы үш вожатый-тәрбиеші бөлініп, бір ай бойы балалармен танымдық-тәрбиелік жұмыстар да жүргізілмекші. Әрі онда Арыстағы төтенше жағдайдан жапа шеккен балаларға психологиялық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, білім ордасының тәлімгерлері балалардың қауіпсіздігіне де жауап беретін болады. Алдағы уақытта Арыс балаларына университет әкімшілігі Ақмола облысының тарихи-мәдени жерлерімен таныстыруды, сондай-ақ Көкшетау қаласындағы музейлерді аралатуды жоспарлап отыр.
Қорыта айтар болсақ, Арыста болған қайғылы жағдайдан Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ұжымы да шетте қалмай, барлық қазақстандықтар сияқты қол ұшын созып, көмек көрсетуде.
Сөйтіп, төтенше жағдайдан зардап шекен Арыстық 15 оқушы жазғы демалыстарын көрікті Көкше жерінде өткізіп, жақсы демалып қайтпақшы.

1.JPG

8.JPG

3.JPG

4.JPG

5.JPG

6.JPG

7.JPG

2.JPG