Skip to main content
x

«Балалар университеті» жобасы өз жұмысын аяқтады

 

2019 жылғы 4 шілде күні Ш. Уәлиханов  атындағы КМУ-де дәстүрге айналған Биология, Химия, Физика, Математика, Информатика, Психология пәндері бойынша «Балалар университеті» жобасының аяқталуына байланысты салтанатты іс-шара өтті.

Балалар университетінің мақсаты – дарынды балалармен және өнерлі жастардың мақсатқа бағытталған үздіксіз жұмыс жүйесін қалыптастыру; ғылыми білімді дәріптеу; балалардың шығармашылық қабілеттерін, ой-қиялын және креативті ойлау қабілетін дамыту, сондай-ақ жоғары және жалпы білім беретін мектеп арасындағы өзара қарым-қатынас аясын кеңейту.

Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті жанындағы Балалар университеті – бұл балаларға ғылыми-танымдық, оқу-шығармашылық және дамыту сипатындағы қосымша білім беру түрі болып табылады.

Бүгінгі нарықтық экономика жағдайында ата-ананың балалар тәрбиесі мен дамуына көп көңіл бөле алмауы, балалар мен жастардың  таным мен шығармашылыққа деген қызығушылықтарының әлсіреуіне байланысты балалар мен жастарға арналған заманауи  орталықтарды құру өзекті мәселеге айналып отыр. Осындай қажеттілікке орай іске қосылған Балалар Университеті жобасы – Көкшетау қаласы мен Ақмола өңіріндегі қосымша білім беру мақсатындағы ғылыми-оқу орталығы болып табылады және ғылыми-зияткерлік қызметтің барлық аясы бойынша балаларға жүйелі сабақтар өткізеді. 

Балалар Университетінде балалар ғылым, инженерия және өзге де зияткерлік салаларда қызмет ететін адамдардың тікелей қарым-қатынасын қамтамасыз ететін ғылыми-зерттеу және инновациялық жобалар жүзеге асырылады. Бұл Университет мамандандырылған қысқа мерзімді (1 айға дейін) мектептер мен қарқынды оқыту лагерлері (пәндік және пәнаралық) ұйымдастырылатын, сондай-ақ балалар конференциялары мен слёттар өткізуге арналған алаң болып табылады. Балалар Университетінде заманауи білім беру технологияларын пайдалана отырып, оларға қашықтықтан қолдау көрсетіледі, бұл, әсіресе, кішігірім өңірлік қалалар мен елді-мекендердегі балалар үшін аса маңызды.

Бүгінгі қарқынды дамып келе жатқан заманауи кезеңде балалар өз қабілеттерін ашып, кеңейту үшін білім мен ғылымға ерте жастан даярлану қажет.

Ғылыми шараға университет және мектеп ұстаздары, ата-аналар мен жобаға қатысқан мектеп оқушылары қатысты.

Аталмыш шараны Ш. Уәлиханов атындағы КМУ-нің оқу және оқу әдістеме жөніндегі проректоры Әсем Дүйсембина ашып, жоба қатысушыларын алғашқы ғылыми жұмыстарымен құттықтады. Әсем Тұрарқызы сөз барысында бұл ғылыми жобаның болашақ жас ұрпақ үшін аса қажет екендігіне тоқталды, сондай-ақ алдағы уақытта оның әрі қарай дамып, жалғасын табатынын айтты. Сондай-ақ, ғылымға алғаш қадам басқан жеткіншектерге сертификат табысталып, естелік сыйлықтар берілді.

Шара барысында жас ұрпақты әлемдік өркениет жетістіктеріне жетелеуге, «Балалар университеті» жобасын іске асыруға қолдау көрсетіп, оқушыларды жастайынан ғылымға бейімдеу ісін дамытуда өз үлестерін қосқан университет ұстаздары да марапатталады.

Болашақта бұл ғылыми жоба бойынша нақты жұмыстар атқарылып, оның одан әрі дамитынына сеніміміз мол.

050720191114_1.JPG

050720191114_1.JPG

050720191114_1.JPG

050720191114_1.JPG

050720191114_1.JPG

050720191114_1.JPG